Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
13 verses
1Егер мен адам тілдері мен періште тілдерінде сөйлей білсем, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, онда сыңғырлаған қоңырау мен шылдырлаған асатаяқ сияқты боламын.
2Егерде Құдайдың хабарын жеткізіп, күллі құпияларды біліп, барлық білімді иемденіп, тау қозғайтындай зор сенімге кенелсем, алайда сүйіспеншілігім болмаса, түкке де тұрмаймын.
3Егер тіпті барлық мал-мүлкімді бейшараларға үлестіріп беріп, жанымды құрбан етіп, тәнімді отқа жағуға қисам, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, бұдан да маған келер пайда жоқ.
4Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді, Ол еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды.
5Сүйіспеншілік не жүгенсіз, Не өзімшіл, не ашушаң емес, Ол кек те сақтамайды.
6Сүйіспеншілік әділетсіздікті құптамайды, Қайта, ақиқатқа қуанады.
7Ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, Үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды.
8Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды. Құдайдың хабарын жеткізу тоқталар, Бөтен тілдер сарқылар, Білім дарыны да тоқталар.
9Себебі біліміміз тапшылау, Құдайдың хабарын жеткізуіміз де шектеулі.
10Ал жетілгендік келген кезде Шектеулінің барлығы тоқталады.
11Бала кезімде балаша сөйлеп, Балаша ойлап, балаша пайымдадым. Ер жеткеннен кейін Балалық қасиеттерден қол үздім.
12Сол сияқты, қазір көргеніміз Айнадағы көмескі бейне іспетті, Ал болашақта бетпе-бет көретін боламыз. Қазіргі білетінім тек қана шектеулі. Алайда Құдайдың өзімді толық білетіні секілді, Мен де сол кезде бәрін толық білетін боламын.
13Сонымен сенім, үміт, сүйіспеншілік — Осы үшеуі мәңгі қалады. Ал солардың ең бастысы сүйіспеншілік болады.