Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
28 verses
1Уа, Жаратқан, мінажатымды естіші, Көмек сұраған даусым Саған жетсінші,
2Қиын кезде менен сырт айналмашы, Маған құлағыңды түре көрсеңші, Өзіңді шақырсам тез жауап берші.
3Күндерім түтіндей лезде жоғалады, Сүйектерім от шоғындай маздап жанады.
4Шабылған шөптей қурады жүрегім, Тамақ ішуді де ұмытып келемін,
5Қатты қиналып ыңқылдағанымнан Әбден жүдегенмін, құр сүлдерім қалған.
6Құла түздегі бірқазанға ұқсаймын, Һәм қираған орындағы жапалақтаймын,
7Мен ұйықтай алмай ояу жатырмын, Үй төбесіндегі құстай тым жалғызбын.
8Дұшпандарым күнде балағаттайды, Мені мазақтап, атымды қарғайды.
9Нан орнына күлмен тамақтанамын, Көз жасымды сусыныма қосамын.
10Мұның себебі — ашу-ызаң Сенің, Жоғары көтеріп, мені лақтырған едің.
11Кешкі көлеңкедей өтеді күндерім, Қураған шөптей әбден әлсіредім.
12Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгі боласың, Бар ұрпақтарға жайылар Сенің даңқың.
13Орныңнан тұрып, Сионға рақым етші, Енді уақыт болды, мейірім көрсетші, Соған белгілеген мезгілің жетті.
14Құлдарың Сионның тастарын ұнатады, Шаң-тозаңы аяныштарын оятады.
15Бар ұлттар дірілдер Жаратқанның атынан, Әлемнің патшалары да Оның даңқынан:
16Жаратқан Ие Сионды қайта тұрғызбақ, Өз салтанатымен сонда пайда болмақ,
17Мұқтаждың мінажаттарын Ол тыңдайды, Жалыныштарын жауапсыз қалдырмайды.
18Болашақ ұрпақтар үшін бұл жазылмақ, Келер буындар Жаратқанды даңқтамақ:
19Жаратқан Ие көктен жер бетіне қарады, Киелі үйінен Ол төмен көз тастады,
20Тұтқындардың ыңқылдауын есту үшін, Өлімге кесілгендерді азат ету үшін.
21Содан Жаратқанның аты Сионда мақталмақ, Даңқы Оның Иерусалимде асырылмақ,
22Сонда бар халықтар бұл қалаға жиналар, Патшалықтар Жаратушыға ғибадат қылар.
23Өмір жолымда Тәңір мені қалжыратты, Ғұмырымның күндерін Ол қысқартты.
24Сонда мен былай дедім Жаратқанға: «Уа, Құдайым менің, жарты жолда Өмірімді көрмеші қысқарта! Сен жасайсың ұрпақтан ұрпаққа,
25Жердің негізін салғансың әуел баста, Құдіретіңмен жараттың аспанды да.
26Олар құриды, Сен боласың әр уақытта, Киімдей тозады олардың барлығы да, Көйлектей ауыстырасың Сен оларды, Содан олар лақтырылып тасталады.
27Ал Өзің өзгермей қалатын боласың, Еш таусылмайды Сенің жасар жылдарың.
28Құлдарыңның ұлдары тыныш тұрады, Ұрпақтары көз алдыңда нық болады».