Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
18 verses
1Уа, Жаратқан Ие, неге менен алыстасың? Басыма күн туғанда неге жасырынасың?
2Жарлыларды паңдана қудалайды зұлымдар, Өз айлалы істерінен ұсталсын сондайлар!
3Арсыз жан құмарлығын тіпті мақтан етеді, Ашкөз де дандайсып Жаратқанды менсінбейді,
4Зұлым тәкаппарланып, Тәңірге бет бұрмайды, Күллі ой-пікірінде «Құдай жоқ!» деп санайды.
5Ұдайы іс-әрекеттері табыс келтіреді, Сенің сотың тым биікте, алыс боп көрінеді. Зұлым барлық дұшпанын келекелей береді.
6«Шайқалта алмас мені еш нәрсе, — деп ойлайды, — Күллі ұрпақтарыма да пәле жоламайды».
7Аузынан шыққандар: қарғыс, өтірік, жалғандық, Айтқандары түгелдей зорлық пен зұлымдық.
8Аула артында тасада аңдып отырады, Бас салып тұтқиылдан, жазықсызды құртады. Қорғансыз жанға көз сүзіп, отырады қарап,
9Тасадағы арыстандай тосады тығылып, Бейшара жарлыны ұстауға жатады аңдып, Байғұсқа бас салып, түсіреді торына тартып.
10Шарасыз бейбақ жеңіліп, жерге құлап түседі, Жауының мықты тырнақтарына ілігеді.
11Зұлым жан: «Құдай ұмытып кетті, — деп ойлайды, — Ол көзін жұмып, ешқашан назар аудармайды».
12Уа, Жаратқан Ие, орныңнан көтеріле гөр, Құдайым, қол созып, қаналғанды ескере гөр!
13Зұлымдар неліктен Құдайды қорлай алады?! «Жауапқа тартпайды» деп неге ойлай алады?!
14Ал көрсеткен жәбірлерін Сен байқап келесің, Зорлықтарын бақылап, жазаларын бересің. Кедей Саған сенеді, жетімге де тірексің.
15Сол сұрқия зұлымдардың қолдарын сындыршы, Сұмдық істерін тексеріп, із-түзсіз жоқ қылшы!
16Жаратқан Ие мәңгі бақи Патша болады, Бой ұрмайтын ұлттар Оның елінен жоғалады.
17Назар аударасың күшсіздердің аңсауына, Уа, Ием, құлақ салып, жігер бересің оларға,
18Жетім мен қиналған жанның мүддесін қорғауға, Сұм пенденің оларды қайтып қорқытпауына!