Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
20 verses
1Уа, Жаратқан, шын жүректен Сені мадақтаймын, Жасаған кереметтеріңнің бәрін жариялаймын.
2Ұдайы Саған қуанып шаттық ән шырқаймын, Уа, Хақ Тағала, есіміңді Сенің жырлаймын.
3Жауларым шегініп, кері қарай бұрылады, Алдыңда сүрініп құлап, ойран да болады.
4Себебі дауымда Сен мүддемді қорғадың, Тағыңда отырып әділ шешім шығардың.
5Халықтарды сөгіп, зұлымдарды жоқ қылдың, Есімдерін мәңгілікке өшіріп тастадың.
6Жау қару-жарағынан ада қалып, жойылды, Сен қиратқан қалалары із-түзсіз жоғалды.
7Рас, Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді, Ол өз тағын орнатып, төрелік етеді.
8Иеміз адамзатқа әділ үкім айтады, Халықтарға ақиқат шешім шығарады.
9Қаналғандарға Жаратқан пана болады, Қиын жағдайда зәулім қорған боп тұрады,
10Сені шын білетіндер Саған сенім артады, Ием, тастап кетпейсің Өзіңе сиынғанды.
11Сионда тұратын Жаратқанға ән шырқаңдар, Оның ғажап істерін бар ұлттарға айтыңдар!
12Төгілген қанды ұмытпайтын Ол ескереді, Жәбір шеккеннің айқайына құлағын түреді.
13Уа, Жаратқан Ие, маған рақым таныта гөр, Жек көрген жаулардан қиналғанымды байқай гөр, Ажалдың аранынан мені арашалай гөр.
14Сонда қақпаларында Сион шаһарының Өз ұлылығыңды ұдайы марапаттаймын, Мені құтқарғаныңа қуана ән шырқаймын.
15Басқа ұлттар қазған өз орларына құлады, Құрған қақпандарына өздері ұсталды.
16Ием әділ үкім айтып, Өзін ашық танытты, Зұлымдар айлалы істерінің кесірін тартты.
17Жамандық жасаушылар ажалға душар болады, Құдайды менсінбеген ұлттар соған тап болады.
18Ал мұқтаж жан біржола ұмытылып кетпейді, Бейшараның үміті мүлдем зая кетпейді.
19Уа, Ием, көтерілші, пенде жеңіп шықпасын, Халықтарға көз алдыңда үкім шығарылсын!
20Жай пенде екендерін халықтар ұғып алсын, Оларды дірілдетіп қорқытсаң, о, Жаратқан!