Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
49 verses
1Уа, Жаратқан Ие, Сені сүйемін, Сен күш-қуатымның қайнар көзісің.
2Жаратқан — жартастай берік қорғаным, Мені қауіп-қатерден құтқарушым, Құдайым — сенім артқан шың құзым, Қалқандай қорғаушым, мықты құтқарушым, Әрі биік таудағыдай баспанам!
3Мадаққа лайық Жаратқанға сиынам, Ол мені арашалайды жауларымнан.
4Өлім толқындары жан-жақтан құрсады, Заңсыздық тасқыны көміп тастады,
5Ажалдың шынжыры мені матады, Өлімнің торы бұғаулап шырмады.
6Қатты қиналып Жаратқанға сиындым, Жәрдем сұрап Құдайыма жалындым. Киелі орнынан Ол құлақ салды, Жалынышым Оның алдына барды.
7Сол заматта жер дірілдеп сілкінді, Таулардың негізі шайқалып дірілдеді, Өйткені Құдай қаһарына мінген еді.
8Қаһарынан Оның түтін шықты, От лаулап, аузынан жалын атты, Ыстық шоқ ішінен атқылады.
9Аспанды ашып Ол төмен түсті, Қара бұлттар болды аяғының асты,
10Мықты періштелерге мініп алды, Желдің қанаттарында зулап ұшты,
11Түнекті айналдыра перде қылды, Жаңбырдың қалың бұлттарын жамылды,
12Қасындағы нұрын бұлттар жасырды, Бұршақ жауып, найзағай жарқылдады.
13Жаратқан Ие аспаннан күркіреп шақырды, Алла Тағаланың дауысы жаңғырықты.
14Жебелер атқылап жауларын шашыратты, Найзағай жарқылдап оларды абдыратты.
15Көрінді сонда теңіздің арналары, Әрі дүниенің негіздері ашылды, Уа, Жаратқан Ие, қатаң сөгісіңнен, Қаһарлы да құдіретті лебіңнен.
16Көктен қолын созып, Ол мені ұстап алды, Терең судан Ием мені шығарып алды,
17Құтқарды мені мықты дұшпанымнан, Өзімнен қуатты қас жауларымнан.
18Мүшкіл кезімде олар маған бас салды, Жаратқан Ие бірақ тірегім болды,
19Кең-байтақ жерге Ол мені шығарды, Маған риза болып аман құтқарды.
20Адал жүрген мені Ием қолдады, Пәк істерім үшін игілік сыйлады.
21Өйткені Жаратқанның жолымен жүрдім, Арсыз болып Құдайымнан безбедім.
22Қайта, күллі шешімдері көз алдымда, Оның ережелерінен бас тартпаймын да.
23Құдайдың алдында мінсіз болып келемін, Күнә жасаудан сақтанып жүремін.
24Жаратқан маған берді әділдігіме қарай, Оның көз алдындағы пәк ісіме сай.
25Ием, рақымды жанға рақым танытасың, Адал жанға адалдықпен қарайсың,
26Таза жүрген жанмен Өзің де тазасың. Арамзаға айламен жауап қайырасың.
27Жәбір көрген жандарды құтқарасың, Бірақ менменді байқап, құлатасың.
28Уа, Ием, маған шырақтай нұр шашасың, Уа, Құдайым, түнегімді жарық қыласың.
29Сенің күшіңмен жау тобын жеңе аламын, Құдайыммен қамалдың үстіне шығамын.
30Күмән жоқ, Құдайдың жолы мінсіз, Жаратқанның сөзі де еш мүлтіксіз. Құдайға сенім артқан бар жандарға Ол — қалқандай қорған әрі берік баспана.
31Жаратқан Иеден басқа кім Құдай екен? Құдайымыздан басқа кім қорғайтын құз екен?
32Құдай мені күш-қуатқа бөлейді, Мінсіз өмір жолымен жетелейді,
33Аяғымды бұғыдай жүйрік қылады, Биік жерлерімде аман тұрғызады.
35Сен құтқаруыңды қалқандай сыйладың, Мені қолдайды құдіретті қолың, Жоғарылатады мені шапағатың.
36Жолда қадамдарымды ұлғайтасың, Аяқтарымды таюдан сақтап қаласың.
37Жауларымның артынан қуып жеттім, Бәрін құртпайынша кері келмедім.
38Олар жеңіліп, қайта тұра алмады, Аяғымның астына менің құлады.
39Шайқасуға маған күш-қуат сыйладың, Қарсыластарды алдыма бас ұрғыздың,
40Қалған жауларды қашуға мәжбүр қылдың. Мені жек көргендердің көздерін құрттым,
41Көмекке шақырды олар, ешкім құтқармады, Жаратқанға жалынды, Ол құлақ салмады.
42Жауларды желмен ұшқан шаңдай ұнтақтадым, Далаға батпақтай лақтырып тастадым.
43Сен мені халықтың бүлігінен құтқардың, Әрі басшысы етіп қойдың өзге ұлттардың. Бөтен халық енді маған қызмет етеді,
44Олар да айтқанымды екі етпейді, Бөгде ұлттар алдымда құлдық ұрады,
45Жат жұрттықтар қатты қорқып бозарады, Дірілдеп өз қамалдарынан шығады.
46Жаратқан тірі! Құздай Қорғаушым мақталсын, Құтқарушы Құдайым лайым даңқталсын!
47Құдайым мүддемді қорғаған, Әрі халықтарды маған бағындырған,
48Жауымнан өзімді аман сақтап қалған. Жоғары қойдың мені қарсыластардан, Сен құтқарып алдың зорлықшылдардан.
49Басқа халықтар арасында сондықтан, Уа, Жаратқан Ием, Сені мадақтаймын, Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын.
50Сен Өзіңнің тағайындаған патшаңа: Дәуітке және оның ұрпақтарына Ұдайы ұлы жеңістер сыйлайсың, Тұрақты мейіріміңді бағыштайсың.