Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
14 verses
1Құдайдың салтанатты ұлылығын Аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін Әуе кеңістігі де көрсетеді,
2Осыларды олар жариялайды күнде, Бұл білімді мәлімдейді әр түнде.
3Сол «үндерін естімеген» бір тіл де, Ешқандай ұлт та қалмайтын болады.
4«Үндері» жайылады бар жер бетіне, «Сөздері» жердің шетіне таралады. Құдай күнді аспанда орналастырған.
5Күйеу жігіттей бөлмесінен шыққан Күннің жүзі де қуана нұрланады, Ол жүйріктей жарысуға құлшынады.
6Көкжиектің бір шетінен күн шығады, Келесі шетіне өтіп айналады, Ештеңе де қызуынан тыс қалмайды.
7Кемелді — Жаратқанның тағылымдары, Жан дүниені олар жаңартады. Ақиқат — Иеміздің жарлықтары, Олар наданды да дана қылады.
8Әрі әділ — Жаратқанның бұйрықтары, Олар жүрекке қуаныш құяды. Жаратқанның өсиеттері сондай нұрлы, Көздерді ашып, жарқыратады.
9Мойынсұна қастерлеу Жаратқанды: Осы таза ниет мәңгі қалады. Жаратқанның шешімдері шынайы, Барлығы мүлтіксіз де әділетті,
10Тіл үйірген таза балдан да тәтті, Алтыннан, саф алтыннан да бағалы.
11Бұлардан пендең ескерту алады, Бәрін ұстанғанды зор сый тосады.
12Кім байқайды өз теріс қылықтарын? Тазарта гөр, Ием, құпия күнәмнан,
13Сақтай гөр әдейі күнә жасаудан, Жамандық жүргізбесін билік маған! Сонда көз алдыңда мінсіз боламын, Ауыр күнәлардан да аулақ тұрамын.
14Лайым менің аузымдағы сөздерім Әрі жан дүниемдегі ой-ниеттерім Ұнамды болсын Саған, о, Жаратқаным. Өзіңсің жартастай мықты Қорғаным Һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием.