Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
24 verses
1Өзіңді паналаймын, уа, Жаратқан, Ұятқа қалдырмашы мені ешқашан, Сен әділсің, мені алып қалшы аман.
2Құлақ түріп маған, тез құтқара көрші, Бас сауғалар құз бен қорғаным бола көрші.
3Өйткені жартасым, берік қамалымсың, Жетелеп бастай гөр ізгілігің үшін,
4Шығаршы мені жау құпия құрған тордан, Себебі Сен берік қорғансың маған.
5Сенің қолыңа рухымды тапсырамын. Уа, Ием, шынайы Құдай, Сен мені құтқардың.
6Жек көрем түк пайдасыз тәңірсымақтарды Әрі оларға табынған адамдарды, Ал Жаратқан Иеге нық сенемін,
7Қуанып, шаттанамын рақымыңа Сенің, Сен байқадың мүшкіл халімді менің, Жанымның азабына көңіліңді бөлдің.
8Сен мені қалдырмадың жаудың қолына, Қайта, мені тұрғыздың ашық орынға.
9Рақым ете гөр, қиналып тұрмын, Уа, Ием, күйіктен солды жанарым, Зор қасіреттен әлсіреді жан-тәнім.
10Ғұмыр жасым қайғыдан қысқаруда, Күңіреніп өмірім таусылуда, Күнәма бола күш-қуатым қайтуда, Сүйектерімнің күші кетіп қуаруда.
11Көршілеріме жек көрініштімін, Таныстарыма да қорқыныштымын, Мені көре қалса қашады далада, Осындай болдым жауларыма бола.
12Өлгендей-ақ олар мені ұмытқан, Ұқсаймын қыш ыдысқа сынып қалған.
13Көп естимін өзім жайлы өсек-аяң, Қауіп төніп тұр басыма жан-жақтан, Жауларым маған қарсы сөз байласуда, Жанымды алуға жоспар құруда.
14Ал мен Өзіңе сенемін, уа, Жаратқан, «Сен менің Құдайымсың» деймін Саған.
15Өмірім Сенің қолыңда, я, Жаратқан, Құтқара гөр қуғындаған жауларымнан.
16Бет-жүзіңнің нұрын маған түсіре гөр, Мейіріміңе сай мені құтқара гөр.
17Мені ұятқа қалдырма, уа, Жаратқан, Себебі жалбарынып жүрмін Саған. Зымияндар масқараланатын болсын, Үндері өшіп, олар қабірге қойылсын,
18Қарысып қалсын ауыздары жалған, Менмен паңдықпен әділді жамандаған.
19Уа, Ием, қандай мол Сенің ізгілігің: Өзіңді қастерлеп, паналайтындар үшін Соны сақтап, жұрт алдында сыйлайсың.
20Сен пана болып әділді қорғайсың, Өз саяңда аман-есен сақтайсың Адамдардың астыртын әрекетінен Әрі ұрсып айыптайтын тілдерінен.
21Маған мейірімін көрсеткені үшін, Қоршалған қалада қорғағаны үшін Жаратқан Ие әрдайым мадақталсын!
22Қорқыныштан былай деп уайымдадым: «Сірә, Сенің назарыңнан тыс қалдым!» Бірақ Сен жалынған даусыма құлақ түрдің, Сиынған мінажатыма жауап бердің.
23Жаратқанды сүйіңдер, бар әділдері, Иеміз аман сақтайды адал пенделерді, Ал молынан жазалайды менмендерді.
24Жаратқанға сенім артқандардың бәрі, Қайратқа кенеліп, батыл болыңдар енді!