Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
12 verses
1Уа, Жаратқан, даңқыңды асырамын, Сен мені шыңыраудан алып шықтың, Жауларыма мені табалатпадың.
2О, Құдай Ием, мен Саған сиындым Қолдау сұрап, сонда мені сауықтырдың.
3Уа, Ием, мені көрден алып қалдың, Ажалдан жанымды арашаладың.
4Ей, Жаратқан Иеге бағышталғандар, Оған арнап ұдайы ән шырқаңдар, Оның киелі атын мадақтаңдар!
5Өйткені Ол бір-ақ сәт ашуланады, Ал рақымы өмір бойы ұласады. Кешке жылап-сықтау басым болады, Ал таң ата қуаныш тосып тұрады.
6Аман-сау болғанда мақтанған едім: «Мен ешқашан да толқымаймын!» дедім.
7Ал мені таудай нығайтқан Сенің рақымың. Кейін бет-жүзіңді менен жасырдың, Сонда мен қорқып уайымға салындым.
8Уа, Жаратқан Ием, Саған сиындым, Қолдау сұрап Өзіңе жалбарындым:
9«Өліп, көрге түсуімнен не пайда, Топырақ сонда Сені мадақтар ма, Адалдығыңды Сенің жариялар ма?!
10Құлақ түрші, уа, Ием, рақым ете гөр, О, Жаратқан Ие, қолдаушым бола гөр».
11Қайғымды шаттық биімен алмастырдың, Азалы киімімді шешіп тастадың, Ерен қуанышқа мені бөледің.
12Енді үздіксіз Саған ән саламын, Уа, Құдай Ием, мәңгі мақтау айтамын.