Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
13 verses
1Өзіме былай дедім: «Мен сақ жүрейін, Тіліммен күнә жасаудан безейін, Әділетсіз жан қасымда тұрғанда Тіліме берік бұғау салайын да».
2Осылай аузымды ашпай үндемедім, Тіпті жақсылық жайлы да сөйлемедім, Содан күшейе түсті қасіретім.
3Жүрек жалындап, ойымда от тұтанды, Тілімнен отты сөздер ағытылды:
4Көрсете гөр, Ием, ғұмырымның соңын, Көрер күндерімнің бүкіл санын, Өмірімнің өткіншілігін ұғайын.
5Бір қарыстан ұзақ емес өмірім, Қас қағым сәт — ғұмыр жасым Сен үшін. Рас, алған деміндей әлсіз — пенде өмірі!
6Адамдар өмірден елестей өтеді, Мал-мүлік мол жинап бекер күйбеңдейді, Себебі соның кімге тиерін білмейді.
7Ал қазір, уа, Ием, нені тосамын? Тек Өзіңе үмітімді артамын.
8Заңсыз істерімнен мені арылта гөр, Зердесіздің қорлауынан сақтай гөр.
9Мен ауызымды ашып, еш үндемеймін, Өйткені осыны жасаған Сен Өзіңсің.
10Бұйырған азапты ала гөр менен, Қолыңның соққысынан әлсіредім мен.
11Күнәсі үшін жазаласаң пендені, Күйе жеп қойғандай таусылар көрігі, Рас, алған деміндей әлсіз — пенде өмірі!
12Мінажатыма, уа, Ием, құлақ түрші, Көмекке шақырған даусымды естіші, Менің көз жасымды елемей жүрмеші, Себебі барлық ата-бабама ұқсаймын, Жат жерлік кірме болып Өзіңмен тұрамын.
13Маған қарап тұрмашы ашуменен, Қайтадан көңілді болайын мен, Ғайып болмас бұрын кетіп бұл өмірден.