Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
22 verses
1Уа, Жаратқан, қаһарланып сөге көрме, Ашуланып мені жазалай көрме.
2Өзің атқан жебелерің денеме кірді, Қолың зі��дей басты менің үстімді.
3Қаһарыңнан денемде сау жерім жоқ, Күнәмнан жан-тәнімде тыныштық жоқ.
4Істеген күнәларым басымнан асты, Ауыр жүктей денемді жерге жанышты.
5Ақымақ істерімнің кесірінен Жараларым іріңдеп, иістенген,
6Иіліп кеттім тұла бойым бүгіліп, Күні бойы жүремін қайғы шегіп.
7Белім менің ісіп кетіп қабынған, Денемде сау жерім жоқ ауырмаған.
8Әбден әлсіреп, шалдығып-шаршаймын, Жан азабынан қатты ыңқылдаймын.
9Уа, Ием, Саған аян барлық қалауым, Құпия емес Саған ыңқылдауым,
10Жүрегім аласұрып, құрыды қуатым, Көз жанарым суалып, қашты нұрым.
11Дос-жарандарым жарамнан қашқақтап, Жақын туыстарым да тұр алшақтап.
12Жанымды алмақ жаулар тұзақ құрады, Дұшпандар ажалым туралы айтады, Күн сайын қастық жайлы ақылдасады.
13Ал мен саңыраудай құлақ аспаймын, Мылқау сияқты жағымды ашпаймын,
14Осылай құлағы естімес адамдаймын, Аузынан жауап шықпас мылқаудаймын.
15Өйткені, Жаратқан Ие, Өзіңе сенем, Сен жауап бересің, уа, Құдай Ием.
16Сонда мен былай деп ойлаған едім: Дұшпандарым мені табаламасын, Сүрініп құласам, олар паңданбасын.
17Себебі жақын қалдым мен құлауға, Азабым әрдайым көз алдымда.
18Әділетсіз ісімді мойындаймын, Жасаған күнәма қайғырудамын.
19Ал көп жауларым сергек жүріп күшеюде, Себепсіз мені жек көретіндер көбеюде,
20Жақсылығыма олар жамандық қайырады, Ізгі жолмен жүргеніме қарсы шығады.
21Уа, Ием, мені жалғыз тастай көрме, О, Құдайым, менен алыстай көрме.
22Асыға гөр маған көмек беруге, Құтқарушым менің, уа, Жаратқан Ие.