Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
11 verses
1Марал қалай аңсаса мөлдір суды, О, Құдай, жаным солай Сені аңсайды.
2Жаным шын Құдайды іздеп шөліркейді, Қаш��н мен Құдайыма бара аламын, Қашан Оның алдында бола аламын?
3Көз жасымды көл қыламын күндіз-түні, Себебі адамдар менен күні бойы: «Құдайың қайда?» деп сұрай береді.
4Сырымды Саған ақтарған кезімде Мынау бірден түседі менің есіме: Мен көпшілікті жетелеген едім, Құдайдың үйіне қарай өрледім, Мейрамдаған халықпен бірге жүрдім, Шат-шадыман болып шүкірлік еттім.
5Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.
6Мұңаяды ішімдегі жан дүние. Мен Иордан жағасындағы елде, Хермон, Мизар тауларының жерінде Аңсап ойлайтын боламын Сені.
7Сарқыраған суларың долданғанда Ұласа береді тасқын тасқынға, Сенің бар суларың, толқындарың да Мені басып, асып кетіп жатты да.
8Жаратқан күндіз рақым жасап маған, Мен Оны түнде мақтап, жырлап шығам, Һәм мінажаттарымды бағыштаймын Құдайыма Өзіме өмір сыйлаған.
9Маған жар болып келген Құдайдан: «Неліктен Сен мені есіңнен шығардың? Неліктен мен қысым көріп жауымнан, Сонша қайғырып жүрмін?» деп сұраймын.
10Дұшпандарымның табалаған мазағы Жаныма менің қатты батады, Себебі олар менен күні бойы: «Құдайың қайда сенің?» деп сұрайды.
11Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.