Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
26 verses
1Уа, Құдай, Өзіңнің зор құдіретіңмен Ежелде бабалардың заманында істеген Керемет істерің жайлы құлағымызбен Көп естігенбіз әкелерімізден.
2Қыңыр ұлттарды Сен елден қуып шықтың, Ал бабаларымызды орнықтырдың. Сол тайпаларды Сен езіп тастадың, Ал бабаларымызды азат қылдың.
3Бабалар елді семсерімен басып алған жоқ, Әрі білек күштерімен жеңіп шықкан жоқ, Мұны істеген — Сенің ұлы құдіретің, Һәм бет-жүзіңнің нұры: Сен рақым көрсеттің.
4Сен менің Патшам әрі Құдайымсың, Жақыптың халқына құтқарылу сыйлайсың,
5Сенімен жауларымызды соққылаймыз, Сенің атыңнан дұшпанды таптаймыз.
6Садағыма артпаймын мен сенімімді, Құтқара да алмайды семсерім мені,
7Жауларымыздан Сен бізді құтқарасың, Бізді жек көргендерді масқара қыласың.
8Күн сайын Құдайды айтып мақтанамыз, Атыңды мәңгілік мадақтайтын боламыз.
9Ал қазір бізді тастап, ұятқа қалдырдың, Сен жасағымызбен бірге аттанбадың,
10Жауымыздан қашуға мәжбүр қылдың, Дұшпандарға бізді тонатып қойдың,
11Сойылатын қой іспетті бізді тапсырдың, Халықтар арасына шашыраттың,
12Өз халқыңды арзанға сатып жібердің, Біздің құнымызды әбден түсірдің.
13Көршілерімізге бізді қорлаттың, Маңымыздағыларға мазақтаттың,
14Қыңыр ұлттардың қорлауына қалдырдың, Оларға бізді елетпей бас шайқаттың.
15Масқарамыз күнде алдымыздан шығады, Халқымыз ұяттан қара бет болады,
16Жалақордың ұрысын естіп тұрамыз, Кек алмақ жаудың бетін көріп тұрамыз.
17Осының барлығына ұшырадық, Алайда біздер Сені ұмытпадық, Сенің Келісіміңді де бұзбадық.
18Жүрегіміз Сенен бас тартқан да жоқ, Аяғымыз жолыңнан тайған да жоқ.
19Сонда да Сен бізді талқандап қираттың, Елімізді шибөрінің тұрағы еттің, Ажал қаупін бастарымызға төндірдің.
20Егер Құдайымыздың атын ұмытсақ, Бөтен «тәңірге» қол жайып сиынсақ,
21Құдай мұны әлде білмес пе еді? Ол жүректің құпияларын да біледі!
22Ал Сен үшін жау бізді күнде жоюда, Сойылатын қой деп бізге қарауда.
23Уа, Жаратқан, неге «жатырсың ұйқыда»? «Серпіліп», бас көтере гөр бізді қорғауға, Бізден бас тарта көрмеші біржолата!
24Неге бізден бет-жүзіңді жасырасың, Қайғы мен жәбірімізді ұмытасың?
25Өйткені ажал аузында жандарымыз, Әрі жерге жабысуда тәндеріміз.
26Тұрып орныңнан, бізді қолдай гөр, Рақымыңа бола бізді құтқара гөр.