Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
17 verses
1Патшаға арнап әнімді айтқанда Жүрегімнен ізгі сөз құйылуда, Тілім ұқсас хатшының жүйрік қаламына.
2Сен әсемсің күллі адам баласынан, Мейірімді сөз ағылады аузыңнан, Құдай Сені мәңгілікке жарылқаған.
3Уа, батыр, семсеріңді асынып ал, Зор даңқ пен ұлылыққа бөленіп ал.
4Осы салтанатыңмен жеңіске аттан Ақиқат, кішіпейілдік, әділдік үшін, Мықты оң қолың ғажап істер істесін.
5Жебелерің үшкір, олар патшаның Жауларының жүрегіне дәл қадалсын, Барлық ұлттар да аяғыңа жығылсын.
6Сенің тағың, о, Құдай, сақталады мәңгілік, Патшалығыңа жүргізесің әділ билік,
7Заңсыздықты жек көріп, әділдікті сүйесің, Сондықтан да Құдай, өз Құдайың сенің, Өзіңді тағайындап, сыйлады саған Серіктеріңнен гөрі шаттықты молынан.
8Хош иісті сенің күллі киімдерің Мүр, алоэ, дәмқабық гүлінің жұпарымен, Көңіліңді көтереді сазды әуен Сарайларыңда піл сүйегімен безенген.
9Сенің құрмет тұтатын жұбайларың Арасында бар қыздары патшалардың. Оң жағыңда отыр опырлық саф алтын Әшекейлер тағып алған патшайымың.
10Тыңда, қызым, ұғып ал, тос құлағыңды: Ұмыт шыққан әулетің мен халқыңды,
11Патша аңсап қалайды сұлулығыңды, Ол тақсыр иең сенің, ардақта оны!
12Тир қаласы сыйлығын алып келеді, Елдің байлары ықыласыңды іздейді.
13Қалыңдық ханшаң отыр өз бөлмесінде Алтын кестелі көйлегі бар үстінде,
14Түрлі түсті киімімен әкелінеді, Құрбы қыздары соңынан ілеседі, Барлығы да Сенің алдыңа келеді,
15Зор қуаныш, шаттықпен бастап әкелінеді, Патшалық сарайыңа салтанатпен енеді.
16Ұлдарың орнын баспақ аталарыңның, Бүкіл елге оларды әкім етіп қоясың.
17Бар ұрпақтарға сыйлатамын есіміңді, Халықтар дәріптейді мәңгі Өзіңді.