Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
12 verses
1Уа, Жаратқан Ием, сөзіме құлақ түре гөр, Қасіретті ойларыма көңіл бөле гөр,
2Құлақ салсаңшы дауысыма зар жылаған, О, Патшам, Құдайым менің, сиынамын Саған.
3Уа, Ием, ертеңгісін ести гөр дауысымды, Таң ата алдыңа келіп, күтемін жауабыңды.
4Себебі Сен, Құдайым, зұлымдықты құптамайсың, Жамандық атаулыны қасыңа жолатпайсың.
5Мақтаншақтар тұра алмас көз алдыңда Сенің, Заңсыздық істейтіндердің бәрін жек көресің.
6Өтірік айтқандардың көзін құртып жібересің, Уа, Ием, Сен қанішер, опасыздан жиренесің.
7Ал мен мол рақымыңның арқасында Өзіңнің киелі үйіңе кіремін, Қасиетті ғибадатханаңның алдында Өзіңді терең қастерлеп бас иемін.
8О, Ием, мені Өзіңнің тура жолыңмен Жауларыма бола бастап алып жүрші, Жолыңды Өзің маған белгілеген Алдымнан анықтап, тегістеп берші.
9Себебі жауларымның сөздерінде жоқ шындық, Жүректерінде ағыл-тегіл мол зұлымдық, Арандары олардың көрдей ашық, Майда тілдерімен айтады жалғандық.
10Уа, Құдайым, үкімдерін шығаршы, Құрған тұзақтарына өздерін құлатшы, Мол күнәлары үшін қуып шықшы, Өйткені олар Саған қарсы шықты.
11Өзіңе үміт артқандар шаттансын, Лайым қуана мадақтап ән салсын. Өзіңді сүйгендер Сені айтып мақтансын, Олардың бәрін Сен қолдап-қорғайсың.
12Уа, Ием, Сен әділдерді жарылқайсың, Рақымыңмен қалқан іспетті қоршайсың.