Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
19 verses
1Шексіз сүйіспеншілігіңе бола, О, Құдай, маған рақым ете гөр, Мейіріміңнің молдығына бола Қылмыстарымды өшіріп тастай гөр.
2Мені әділетсіздігімнен арылтып, Күнәларымнан түгел тазарта гөр.
3Қылмыстарымды жақсы білемін де, Күнәларым әрдайым тұр есімде.
4Мен Өзіңе қарсы күнә жасадым, Сенің көз алдыңда зұлымдық істедім. Осылай әділ Сенің айтқандарың, Мүлтіксіз де маған жүргізген сотың.
5Мен күнәкар болып дүниеге келдім, Құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едім.
6Сен жүректің таза болуын қалайсың, Жан дүниеме даналық та құясың.
7Құрбандық қанын бүркіп, күнәмді кеше гөр, Сонда көз алдыңда пәк таза боламын, Күллі күнәмнан мені жуып-шая гөр, Сонда қардан да аппақ тазарамын.
8Шаттық үнін маған қайтадан естірте гөр, Сен әлсіреткен денемді қуанта гөр,
9Күнәларыма енді назар аудармай, Бар қылмыстарымды өшіріп тастай гөр.
10Уа, Құдайым, жүрегімді тазарта гөр, Рухымды берік қылып, жаңарта гөр.
11Қасыңнан мені қуып шыға көрме, Киелі Рухыңды менен ала көрме,
12Мені құтқарғаныңа қуантып тағы, Сыйлай гөр азғырылмайтын берік рухты.
13Қылмыскерлерге ақ жолыңды үйретейін, Күнәкарлар сонда Саған бұрмақ беттерін.
14Қан төккен мені арылтсаңшы кінәмнан, Сенсің ғой жалғыз Құтқарушы Құдайым. Тіліммен әділдігіңді мадақтаймын.
15Аузыма ерік бере гөр, Жаратқан Ием, Сені емін-еркін мадақтап, дәріптейін.
16Құрбандық шалуымды қаламай тұрсың, Өртеу құрбандығын да ұнатпай тұрсың, Әйтпесе оларды ұсынар да едім.
17Ал Құдайға ұнамды сый, құрбандық — Күнәсіне шынымен өкінген рух. Шын опық жеп, бағынған жүрекке Сен Теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием.
18Игі еркіңмен Сионды өркендете гөр, Қамалын оның қайта тұрғыза гөр.
19Сонда Саған ұнамды пәк тартулар Шалынбақ һәм өртелетін құрбандықтар, Үстеліңе торпақтар да ұсынылмақ, Сенің жолыңа солар бағышталмақ.