Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
20 verses
1Мен Құдайға дауыстап жалбарынамын, Құлақ түре көрсін деп Оған жалынамын.
2Қиын кезде де Иеме бет бұрамын, Түнде қол жайып, тоқтамай сиынамын, Жан дүнием бас тартады жұбаныштан.
3Қатты күйзелемін Құдайды есіме алсам, Рухым әлсірейді, егер де ойға шомсам.
4Уа, Ием, Сен мені ұйықтатпайсың, Қатты абыржып, сөйлей де алмаймын.
5Ежелгі заман жайлы ойланамын, Өткен ғасырларға ой саламын,
6Түнде айтқан әндерімді еске аламын, Рухым жауап іздеп, жүрекпен толғанамын.
7Әлде Иеміз біржола бас тартты ма? Енді қайтып ықылас танытпай ма?
8Берік мейірімі мүлдем үзілді ме? Берген сөзі мәңгілік күйреді ме?
9Мейірленуді Құдай ұмытқан ба? Қаһары рақымын басып тастаған ба?
10Мен былай деймін: «Құдай Тағаланың Құдіреті өзгеріпті, бұл — нағыз азабым».
11Ием, Сенің істеріңді еске аламын, Ежелгі кереметтеріңді ойға аламын,
12Бар іс-әрекетің жайлы ойланамын, Ұлы істерің жөнінде толғанамын.
13Жолдарың Сенің, уа, Құдай, қасиетті, Өзіңдей тәңір бар ма құдіретті?
14Сен кереметтер жасайтын Құдайсың, Халықтарға күш-қуатыңды таныттың,
15Құдіретіңмен халқыңды құтқардың: Жақып пен Жүсіптің осы ұрпақтарын.
16Уа, Құдай, Қамысты теңіз Сені көрді, Суы Өзіңді байқап үрейленді, Теңіздің тұңғиығы дүр сілкінді.
17Бұлттар сонда жерге нөсер жаудырды, Аспанда күн күркіреп жаңғырды, Найзағай жебедей ұшып жарқылдады.
18Құйында Сенің даусың күркіреді, Жай оты әлемге жарығын түсірді, Һәм жер беті шайқалып дірілдеді.
19Сонда Сен теңіз арқылы жол жүрдің, Ұлан-ғайыр су арқылы қадам бастың, Ал көзге көрінбеді іздерің Сенің.
20Содан халқыңды отардай бастадың Жетекшілігімен Мұса мен Һаронның.