Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
19 verses
1Уа, Исраилдің Бағушысы, құлақ түрші, Бейне қой отарындай жетелейсің Жүсіпті. Уа, керубтер арасында «тақта�� Отырушы, Өзіңнің нұрлы салтанатыңды жайнатшы.
2Ефрем, Бунямин, Манаса руларының Көз алдында зор күшіңді көрсетші, Өзің келіп, бізді құтқарсаң етті!
3О, Құдай, бізді қайтаршы өз жолыңа, Бет нұрыңды төксең бізге тағы да, Құтқарылатын боламыз осылайша.
4Уа, Жаратқан, Әлемнің Иесі — Құдайсың, Қашанғы өз халқыңа ашуланасың, Мінажаттарымыздан мүлдем бас тартасың?
5Сен халқыңды көз жасымен тойындырдың, Иә, көз жасымен шөлімізді әбден қандырдың,
6Сөйтіп мазақтаттың бізді көршілерімізге, Дұшпандарымыз табалап келекелеуде.
7Уа, Әлемнің Иесі — Құдай Тағала, Бізді қайтара гөр өз тура жолыңа, Бет нұрыңды төксең бізге тағы да, Құтқарылатын боламыз осылайша.
8Бізді Мысырдан жүзім бұтасындай әкелдің, Басқа ұлттарды елден қуып шығардың, Солардың орнына бізді отырғыздың.
9Ол үшін тазартып, өңдедің жерді, Сол «бұта» тамыр жайып, толтырды елді,
10Оның көлеңкесі тауларды жапты, Сабақтары зор самырсындарды басты.
11Бұтақтары созылды теңізге дейін, Өркендері — Евфрат өзеніне дейін.
12Енді неге қоршаған дуалын қираттың? Қасынан өткеннің бәрі жұлды жемісін,
13Орман қабаны түбін қазып, қопаруда, Түз аңдары жайылып, «бұтаңды» жалмауда!
14Уа, Әлемнің Иесі, қайта оралсаңшы, О, Құдай, көктен жерге көз салсаңшы, Осы «жүзім бұтасын» қамқорлашы,
15Құдіретті қолыңмен оны отырғыздың, Сабақтарын Өзіңе арнап өсірдің.
16«Жүзім бұтаңды» шауып, өртеді жаулар, Бетіңнің ызбарынан жойылады олар.
17Қолдай гөр оң жағыңдағы халқыңды, Өзіңе арнап нығайтқан ұлтыңды.
18Сенен енді қайтып безбейміз сонда, Сиынатын боламыз Сенің атыңа, Өмірімізді жаңарта гөр тағы да.
19Уа, Әлемнің Иесі — Құдай Тағала, Бізді қайтара гөр өз тура жолыңа, Бет нұрыңды төксең бізге тағы да, Құтқарылатын боламыз осылайша.