Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
16 verses
1Күш-қуатымыз — Құдайға шаттана ән салыңдар, Жақып сиынған Құдайға қуана айқайлаңдар,
2Ән-жырлар айта бастап, даңғыраны соғыңдар, Домбыра, жетігенмен әсем әуен тартыңдар!
3Жаңа ай туғанда кернейде ойнаңдар, Ай толғанда да тойымызды жариялаңдар.
4Өйткені бұл — Исраил халқының міндеті, Жақып сиынған Құдайдың берген ережесі.
5Жаратқан Иеміз Мысырға қарсы шыққанда, Осыны бұйырды Жүсіптің ұрпағына, Біз бөтен тілді естіген уақытта.
6(Жаратқан былай деп білдірді бұйрығын:) «Иықтарыңнан ауыр жүкті алып тастадым, Қолдарыңды көтерген себеттен босаттым.
7Қиын кезде айқайлап сиындыңдар Маған, Сонда сендерді азат етіп алдым аман. Күннің күркірінен сендерге құлақ салғам, Меріба сулары маңында сендерді сынағам.
8Халқым, Мені тыңда, сендерге ескертемін, Игі болар, Исраил, Маған құлақ түргенің!
9Ешқандай да бөгде тәңірлерің болмасын, Құлшылық етпеңдер жат тәңірлерге ешқашан!
10Мен Жаратқан Ие — бірден-бір Тәңірлеріңмін, Мысыр елінен алып шыққан Иелеріңмін. Ал енді, ауыздарыңды ашыңдар айқара, Мен оларды толтырамын жақсылыққа.
11Бірақ таңдаған халқым Мені тыңдамады, Исраилдің ұрпағы Маған бағынбады,
12Сондықтан Мен қасарысқан жүректеріне Жол бердім өз беттерімен жүрулеріне.
13Халқым Менің сөзіме құлақ салса екен, Исраилдің ұрпағы жолыммен жүрсе екен!
14Онда Мен жауларын лезде жуасытар едім, Қинаған дұшпандарына қол жұмсар едім,
15Өзімді жек көргендер Маған бағынғансыр еді, Ал азапты уақыттары мәңгіге созылар еді.
16Бірақ сендерді жақсы бидаймен тойдырар едім, Жартастағы балмен рақатқа қандырар едім».