Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
18 verses
1Уа, Құдайым, үндемей қала берме, Тіл қатпастан тып-тыныш бола көрме,
2Себебі жауларың у-шу көтеруде, Сені жек көретіндер өркөкіректенуде.
3Халқыңа қарсы олар сұмдық ойласуда, Өзіңе қымбат жандарға қарсы ақылдасуда:
4«Кәне, құртайық оларды ұлттар арасынан, Исраил аталмасын енді қайтып ешқашан».
5Бірауыздан олар сөз байласып Жатыр, Саған қарсы одақ құрып:
6Шатырларда тұрған едомдықтар, Ысмағұлдық, моабтық, ажарлықтар,
7Гебалдық, аммондық, амалектіктер, Тирдің тұрғындары мен філістірлер.
8Ассурдың халқы да оларға қосылды, Луттың ұрпақтарына қолдаушы болды.
9Сен ежелде Мадиян тайпасына, Сисара мен Ябинге Қишон аңғарында Істегеніңдей істеші жауларымызға!
10Сол байырғылар Ендорда талқандалды, Төгілген қи-қоқыстай жерге тапталды.
11Істеші жаулардың әміршілеріне Ежелде істегеніңдей Ориб пен Зипке, Істеші олардың бар көсемдеріне, Өзің істегеніңдей Салман мен Зебейге, Өйткені жау былай деді біз жөнінде:
12«Құдайдың мекендерін иемденейік, Жайылымдарын қолға түсірейік!»
13Зұлымдарды етші құйын соққан тозаңдай, О, Құдайым, жел ұшырған сабандай
14Әрі от жалмап қойған ормандай, Жалын күйреткен қырат басындай.
15Дұшпанды қуып шықшы елден құйыныңмен, Дүрбелеңге түсірші Өзіңнің дауылыңмен,
16Уа, Жаратқан жауды қара бет қылып масқарала, Олар Саған бұрылып, сиынсын атыңа.
17Ал қыңырлары лайым қысылып абыржысын, Олар қорланып, ақырында өлім құшсын,
18Жаратқан Ие деп аталған жалғыз Сенің Бүкіл жер бетіне билік жүргізетін Хақ Тағала екеніңді барлығы білсін!