Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
16 verses
1Уа, Ием, атам заманнан бері Өзің Баспанамыз біздің болып келесің.
2Жаратылмай-ақ жер мен бүкіл әлем, Таулар жаратылмас бұрын бар боп келген, Мәңгі тірі болатын Құдайсың Сен!
3«Қайт, адам баласы!» деп қана айтсаң, Пендені топыраққа айналдырасың.
4Ал бір мыңжылдық Сенің көз алдыңда Өте шыққан күн тәрізді қып-қысқа, Иә, түнгі күзеттей шектеулі ғана.
5Сен лезде-ақ алып кетесің пендені, Ол бір көрініп, жоқ болар түс секілді, Яки далада өскен шөп тәрізді: Таң ата шықса да көгеріп, Кешке қарай қурап қалады семіп.
6Осылай біз жоқ боламыз ашуыңнан, Зәреміз ұшады Сенің қаһарыңнан.
7Сен күнәларымызды қойдың алдыңа, Нұрыңда айқын құпияларымыз да.
8Өмір бойы бізге қаһарың төнеді, Жылдарымыз күрсінумен бітеді.
9Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар, Күш-қуат жетсе, мүмкін, сексен болар, Жақсы кезде де шегеміз бейнет-азап, Ақыры ғайып боламыз, ғұмыр зырлап.
10Қаһарыңның күшін кім түсінеді? Соған сай қастерлеу қажет Өзіңді.
11Үйрете гөр ғұмырды есептеуді, Содан иемденейік дана жүректі.
12Қашан райыңнан қайтасың, уа, Иеміз? Пенделеріңе шапағат тигізе гөр,
13Ертеңгісін бізді рақымыңа кенелте бер, Содан әндетіп шаттанайық күллі күндер.
14Өткерген ауыр күндерімізге сәйкес, О, Тәңір, бізді шаттыққа кенелте гөр. Азап шеккен көп жылдарымызға сәйкес, Бұдан былай қуанышқа бөлей гөр.
15Лайым пенделеріңе, уа, Иеміз, Керемет істеріңді көрсете гөр, Біздің ұрпақтарымызға да әр кез Шексіз ұлылығыңды паш ете гөр.
16Құдай Иеміз бізге риза бола көрсін, Қолға алған ісімізді оңғара көрсін. Я, Құдай, ісімізді жарылқай гөр.