Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
51 verses
1Зор рақым-шапағатыңды, уа, Жаратқан, Әр уақытта мен ән-жырға қосамын, Сөзіңе беріктігіңді Өзіңнің Бар ұрпақтарға айтатын боламын.
2Солай Сені�� тұрақты рақымыңның Мәңгілік екенін жариялаймын. Өзіңнің шындығыңды көкте бекіттің, (Өйткені Сен мынаны айтқан едің:)
3«Мен таңдаулыммен Келісім жасадым, Қызметшім Дәуітке былай деп ант бердім:
4Әулетіңді әрқашан да нығайтамын, Ұрпақтан ұрпаққа тағыңды орнатамын».
5Уа, Жаратқан, көкте даңқталар кереметтерің, Қасиеттілер жиынында — өз беріктігің.
6Көктегі кім Иемізбен теңесе алар, Күштілер арасында кім Жаратқанға ұқсар?
7Қасиетті періштелердің үлкен тобы Терең қастерлейді айбынды Құдайды, Биік тағын айналдыра Оны құрметтейді.
8Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнің Иесі, Саған ұқсас кім бар, сондай құдіретті? Адалдығың жан-жақтан қоршайды Сені.
9Уа, Ием, буырқанған теңізге билік айтасың, Көтерілген толқындарын тыншытасың.
10Паң мысырлықты Сен талқандап қираттың, Жауларыңды күшті қолыңмен шашыраттың.
11Көк те — Сенікі, жер де — өз меншігің, Негізін салдың Сен күллі әлемнің, Әрі жараттың ондағылардың бәрін.
12Сен жараттың солтүстік, оңтүстікті де, Табор, Хермон таулары қуанады есіміңе.
13Қолың мен білегің ерен қуатты, Оң қолың барлығынан да жоғары.
14Әділдік, әділет — тағыңның негізі, Рақым мен адалдық алдыңда жүреді.
15Мадақтау жиналысына шақырған Қуанышты дауысты танып, қосылған Халық сондай бақытты, өйткені оған Жүзіңнің нұрында жүру бұйырылған,
16Күні бойы олар ұлы атыңа қуанады, Әділдігің оларды жоғарылатады.
17Бұлардың күші мен ұлылығы Өзіңнен, Сенің рақымыңмен патшамыз күшейген.
18Себебі қорғанышымыз — Жаратқан Иеден, Біздің патшамыз — Исраилдің киелі Тәңірінен.
19Уа, Жаратқан, бірде Сен аян берген едің, Адал кісіңе мынадай сөз айтқан едің: «Мен жауынгер адамға күш-қуат дарыттым, Халықтан оны таңдап ап, жоғарылаттым:
20Осы қызметшім Дәуітті тауып алдым, Арнайы майымды оған жақтырттым, Патша болуға оны тағайындаттым.
21Ұдайы оны қорғап-қолдайтын боламын, Әрдайым күш-қуат сыйлайтын боламын.
22Жау одан амалын асыра алмайды, Зұлымдар тықсырып, жеңе алмайды,
23Оның алдынан жауларын құртамын, Өзін жек көргендерді қиратамын.
24Берік рақымыма Дәуіт ие болады, Өз атыма бола оның күші артады,
25Дәуіттің билігін Жерорта теңізіне Создырам, әрі шығыстың өзендеріне.
26Ол былай деп атамақ атымды Менің: «Сен Әкемсің, Құдайымсың өзімнің, Жартастай паналайтын Құтқарушымсың».
27Мен оны «Тұңғышым» деп белгілеймін, Жер патшаларынан үстем етемін.
28Мейірімімді оған мәңгі сақтаймын, Келісімімнен ешқашан бас тартпаймын.
29Дәйім оның ұрпағын нығайтамын, Тағын да көк іспетті шексіз орнатамын.
30Ал ұлдары тастаса Таурат заңымды, Әрі орындамаса бұйрықтарымды,
31Егер бұзып жатса ережелерімді, Сақтаудан бас тартса өсиеттерімді,
32Онда күнәлары үшін таяқпен ұрамын, Зұлым істері үшін қамшымен соғамын.
33Ал Дәуіттен мейірімімді қайтып алмаймын, Өз адалдығымнан ешқашан таймаймын,
35Мен Дәуітке ант еткенмін біржолата, Қасиеттімін, жалғандық айтпаймын да:
36Әулеті жалғасады шексіз уақытқа, Оның патшалық тағы Менің көз алдымда, Күн іспетті ол әрдайым бар болады да,
37Ай іспетті ол тұрақты болып орнайды, Аспандағы адал айғаққа ұқсайды».
38Ал қазір Сен тағайындаған патшаңнан Сырт айналдың, жаратпай ашуландың оған,
39Қызметшіңмен жасаған Келісіміңнен тандың, Оның тәжін жерге лақтырып арамдадың.
40Күллі қамалдарын жойып қираттың, Қорғандарын үйіндіге айналдырдың.
41Жолшыбай өткендер оны тонайды, Көршілері келекелеп мазақтайды.
42Оның жауларын күшейтіп, үстем еттің, Барлық дұшпандарын шаттыққа кенелттің.
43Патшаның семсерінің жүзін мұқалттың, Шайқаста оны қорғап-қолдамадың.
44Оның жарқын салтанатын тоқтаттың, Әрі патшалық тағын жерге құлаттың.
45Сен патшаның жастық шағын қысқарттың, Масқараны оған шапандай жаптың.
46Қашанғы, уа, Жаратқан, жасырынбақсың? Ием, мәңгі лаулай ма оттай қаһарың?
47Ескерші өмірімнің қысқалығын, Қандай бекершілікке адамзатты бұйырдың!
48Қай адам ғұмыр кешіп, өлімді көрмеді, Кім ажал тырнағынан өзін құтқарды?
49Уа, Ием, қайда бұрынғы зор рақымың, Адалдығың мен Дәуітке берген антың?
50Ием, ескере гөр құлыңның мазақталғанын, Көп ұлттың мысқылының көңіліме батқанын,
51Уа, Жаратқан, жауларыңның балағаттағанын, Өзің бекіткен патшаңның істерін қорлағанын.
52Жаратқан Ие мәңгілік мадақталсын! Аумин, иә, аумин.