Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
31 verses
1О, Құдайым, Құдайым менің! Неліктен мені жалғыз қалдырдың? Айқайлаған даусыма құлақ салмайсың, Мені қ��тқарудан неге алшақсың?
2Құдайым, күндіз шақырсам, жауап қатпайсың, Түнде де айқайлап, тыным таппаймын.
3Бірақ Сен киелісің, Исраил халқың Сені мадақтайтын тағыңда отырасың.
4Ата-бабамыз Өзіңе иланып жүрді, Сөзіңе сенді, Сен де азат еттің.
5Саған сиынып, олар құтқарылды, Өзіңе сеніп ұятқа қалмады.
6Ал мен адам емес, құрт іспетті қуатсызбын, Жұрт ұрсып, елемейді мені халқым,
7Көргендердің бәрі келекелейді, Басын шайқап, балағаттап былай дейді:
8«Ол Жаратқанға үмітін артқан екен, Сол оны аман қалдырсын пәледен! Жаратқан Ие разы болса оған, Құтқарып алсын оны қиындықтан!»
9Ал мені ана құрсағынан Сен шығардың, Жас кезімнен Өзіңе иландырдың,
10Туғаннан-ақ қолдауыңа мұқтажбын, Өмір бойы Сенсің Құдайым менің,
11Енді алыстай көрме менен Өзің. Себебі азап-бейнет қалды таяп, Қол ұшын берерім жоқ мені аяп.
12Сүзеген бұқадай жау алды қоршап, Башандық бұқадай жан-жақтан қыспақтап,
13Ақырған арыстандай жемге құмартып, Аранын ашады, маған қарсы шығып.
14Күшім судай төгіліп, таусылды құрғап, Сүйектерім буынынан қалды босап. Кеудемде жүрегім балауыз құсап Әбден балқып, елжіреп кетті босап.
15Қыш құмыраның сынығына ұқсап Күшімнен айырылып қалдым қурап, Тілім қалды таңдайыма жабысып, Өлім топырағына бердің мені қиып!
16Төбеттердей жан-жақтан қыспақтады Сол жауыздар, лек-легімен қоршап алды, Аяқ-қолымды түйреп жаралады!
17Сүйектерімді шыға алам санап, Ал халық тұр маған қадала қарап.
18Жау жамылғымды бөлісіп алады, Киімім үшін жеребе салады.
19Уа, Ием, Сен менен алшақтай көрме, Күшім менің, тез келе гөр көмекке,
20Өмірімді аман сақтап семсерден, Құтқара гөр «төбеттердің» күшінен!
21Құлақ сап, құтқара гөр «арыстанның Араны» мен «мүйізінен бұқаның».
22Атыңды бауырларыма білдіремін, Қауым жиынында Сені дәріптеймін:
23«Ей, Жаратқанды терең қастерлейтіндер, Оны әрдайым мадақтай беріңдер! Ей, Жақыптың бүкіл үрім-бұтағы, Жаратқанды ұдайы дәріптеңдер, Иә, Исраилдің бар ұрпақтары, Иемізді құрметтей беріңдер!
24Жарлының азабынан Ол жиренген жоқ, Құдай бет-жүзін одан жасырған жоқ, Қайта, құлақ салды шақырған даусына».
25Сені мадақтаймын үлкен жиында, Уәдемді орындап халқыңның алдында,
26Жарлылар мейрамдап, тойынады да. Құдайға сиынғандар мақтау айтсын — Лайым жандарың аман-есен болсын!
27Жер шетіндегілер де мұны ескереді, Жаратқан Иеге бет бұрып дұға етеді, Бар ұлттардың әулеттері бас иеді,
28Себебі билік Жаратқанның қолында, Ұлттардың Иесі Сол болып қалады да!
29Жердің бар байлары тойына қатыспақ, Жаратқанның аяғына жығылып сиынбақ, О дүниеге аттанатын жандар — Өмірі өткінші бүкіл адамдар Оның алдында тізерлеп иілмек.
30Келер ұрпақтар Оған қызмет етпек, Барлығы Иеміз туралы естімек,
31Содан Оның әділдігін дәріптеп, Жаңа туған халыққа да паш етпек. Себебі Құдай мұны бітірді Өзі істеп.