Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
23 verses
1Уа, Құдай, мінажатыма құлақ түрші, Өтінішімді елемей жүрмеші.
2Наз��р аударып, жауап берші маған, Аһ ұрып, абыржып жүрмін қайғыдан,
3Дұшпандарымның қатты дауысынан Әрі әділетсіздердің қыспағынан. Олар басыма азап жаудырады, Ашулана жала да жабады.
4Жүрегім қинала дірілдейді, Өлімнің қорқынышы тап береді.
5Үрей мен қалтырау басып алады, Қорқыныш билейді тұла бойымды.
6Сонда мен тілек тілеп былай дедім: «Кептердің қанаттарын маған берер кім, Бұл жерден ұшып кетіп, тыншыр едім,
7Алысқа ұшып, айдалада қалар едім,
8Қастықтың дауылынан тез құтылар едім».
9Уа, Ием, зұлымдарды абыржытып, Берекесін алшы тілдерін шатастырып, Қаладан зорлық-зомбылық тұрмын көріп.
10Күні-түні олар қамалда аңдып жүреді, Сұмдық пен пәлеге толы қала іші,
11Тонаушылық пен өлім мол шаһарда, Жалғандық пен зорлық бітпес базарда.
12Жауым қараласа соған төзер едім, Дұшпаным бас көтерсе одан тығылар едім.
13Алайда мұны істеген қатарласым Сенсің, о, жаныма жақын сырлас досым!
14Қандай ғажап еді қарым-қатынасымыз, Құдайдың үйіне бірге барғанымыз.
15Кенеттен жетсін ажал жауларыма, Тірідей түссін олар тұңғиыққа, Зұлымдық мекендейді ғой араларында.
16Ал мен Құдайды көмекке шақырамын, Сонда мені құтқарады Жаратқаным.
17Ертеңгісін, тал түсте және кешқұрым Құдайыма дауыстап жалбарынамын, Оның құлағына шалынады дауысым.
18Маған қарсы шығып, шайқасқан көп жаудан Құдай жанымды сақтап алады аман.
19Ежелден Құдай тағында отырып келеді, Мені естіп, жауды Өзіне бас игізеді. Олар іс-әрекеттерін өзгертпей келді, Құдайдан қорқып, Оны қастерлемей жүрді.
20Дұшпаным жасасқан келісімінен бас тартты, Өзімен тату тұрғандарға қарсы шықты,
21Сарымайдан да жұмсақ айтқан сөздері, Бірақ қастандыққа толы оның жүрегі, Иісмайдан да жағымды айтқандары, Шынымен жалаң семсердей астарлары.
22Жаратқан Иеге арт бар уайымыңды, Ол сені қолдап, ойлайды қамыңды, Мәңгілік құлатпайды әділ жанды.
23Алайда, уа, Құдайым, сол сұмдарды Тастайсың Сен тұңғиық шыңырауға, Қанішер жауыздардың жандары Құриды жетпей-ақ жасының жартысына. Ал мен болсам сенемін Жаратушыма.