Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
13 verses
1Уа, Құдай, бола гөр маған мейірімді, Адамдар ұмтылады таптауға мені, Күні бойы қыспақтап, тап береді.
2Жауларым күнде қудалап өкшелейді, Менмендер маған қарсы бас көтереді.
3Қорыққанда Саған артам сенімімді.
4Құдайға сеніп енді қорықпаймын, Берген сөзі үшін Оны мадақтаймын, Сонда пенде не жасай алады маған?
5Күнде жаулар сөздерімді бұрмалайды, Әрдайым маған қарсы қастық ойлайды,
6Жасырынып бір жерге жиналады, Бар қадамдарымды бақылап тұрады, Аңдып жанымды алуға ұмтылады.
7Уа, Құдай, сұм істерімен құтылтпашы, Сол қыңыр ұлттарды қаһарыңмен құлдыратшы.
8Шарасыздығымды ұмытпай ескересің, «Құтыңа» жинап қой көз жасымның бәрін, Жазылған жоқ па олар кітабыңда Сенің?
9Сиынып сұрасам қолдауыңды Сенің, Кері шегінеді жауларым менің, Құдайдың маған жар екенін білемін.
10Берген сөзі үшін Құдайды мадақтаймын, Берген уәдесі үшін Иемді даңқтаймын.
11Құдайға сеніп енді қорықпаймын, Сонда пенде не жасай алады маған?
12Уа, Құдайым, мен Өзіңе бағыштаймын Берген уәдеме сай шүкірлік тартуларын.
13Өйткені аяғымды сүрінуден сақтадың, Жанымды ажалдың аранынан құтқардың. Осылай Сен мені Өзіңнің алдыңда Аман жүрсін дедің өмірдің нұрында.