Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
34 verses
1Құдай көтеріліп, жауларын шашыратсын, Оны жек көретіндер алдынан қашсын.
2Түтіннің желмен ыдырайтыны сияқты, Уа, Құдайым, жауларыңды ыдыратшы, Балауыздың отқа еритіні іспетті, Зұлымдарды алдыңнан құртып жіберші.
3Бірақ әділдер болса, шаттана ән-салсын, Құдай алдында күліп мәз-мейрам болсын.
4Біздің Құдайымызға ән айтыңдар, Оның есімін дәріптеп жырлаңдар, Бұлттармен жүретін Оны мадақтаңдар, Жаратқан Ие — Оның аты, біліп алыңдар, Көз алдында шат-шадыман болыңдар.
5Құдай әке болады жетімдерге, Қорғаушы болады жесірлерге, Тағында отыр Ол киелі мекенінде,
6Жалғыз жандарға жанұя сыйлайды, Тұтқынды босатып, шаттыққа бөлейді, Ал қыңырды қапырық шөлге тастайды.
7О, Құдай, халқыңды Мысырдан бастап шыққанда, Айдалада оны ертіп жүріп отырғаныңда,
8Жер сілкініп, аспаннан жаңбыр қатты құйылды, Уа, Құдай, көз алдыңда Синай тауында, Исраил сиынған Өзіңнің алдыңда.
9Уәделі еліңе, я, Құдай, нөсер жаудырдың, Кеуіп қалған жерді қайтадан жандандырдың,
10Рақыммен халқыңды елде қоныстандырдың, Уа, Тәңірім, сол кедейлерді Сен қамқорладың.
11Жаратқан Ие мынаған бұйрық шығарды, Көптеген қыз-келіншек оны хабарлады:
12Жау әскері басшыларымен қашып кетеді, Ауылдағы әйел заты олжаны бөліседі,
13Мал бағып қораларында қонған солар Күміс оранып кептер қанатына ұқсар, Алтын әшекей тағып, мамықтай құлпырар.
14Құдіретті Құдай патшаларды шашыратты, Салмон тауында соққан ақ боранға ұқсатты.
15Құдай жаратқан керемет — Башан тауы, Шыңдары заңғар биік — Башан тауы.
16Зәулім шыңдар, қызғанасыңдар не үшін Құдай тұруға таңдап алған Сион тауын, Жаратқан Иенің мәңгі мекендейтін тауын?
17Құдайдың күймелері сан мыңдаған, Араларында Иеміз шайқасқа аттанған, Киелі үйіне көшіп келді Синайдан.
18Сен заңғар биікке көтерілдің, Көптеген тұтқындарды ертіп жүрдің, Адамдардан тартулар қабылдадың, Бас көтергендерден де сыйлықтар алдың, Құдай Иенің мұнда тұруы үшін.
19Әрдайым Иеміз мадақталсын, Құтқарушы Құдайымыз даңқталсын: Жүгімізді көтеріп жүр Ол күн сайын, Құдайдың Өзі — бізді аман сақтайтын.
20Құдайымыз бізді қорғап-қолдайды, Жаратушы Тәңір Ие ажалдан сақтайды.
21Құдай жауларының басын талқандайды, Соғысқұмар, қыңыр қылмыстыларды жояды.
22Сол жауыздар жайлы Иеміз былай деген: «Оларды Башан тауынан да алып келем, Теңіздің ар жағынан да қайтарып әкелем.
23Сонда аяқтарың жаудың қанын басады, Әрі иттерің қанды жалап тойынады».
24Уа, Құдай, Сенің салтанатты шеруің, Киелі тұрағыңа Сенің кіруің Көрінеді бар жұртқа, о, Патшам, Құдайым.
25Әншілер жүр алдында, аспапшылар соңында, Даңғыра ойнаған қыздар араларында:
26«Жиындарда Құдайымызды мадақтаңдар, Исраилдің ұрпақтары, Иемізді даңқтаңдар!»
27Кенже Бунямин руы бастап келеді, Яһуда басшыларының тобы ереді, Забулон, Нафталим басшылары да жүреді.
28Уа, Құдай, күш-қуатыңды жинашы, Бұрын көрсеткен құдіретіңді танытшы,
29Иерусалимдегі ғибадатханаңа бола Патшалар Саған сый-тарту әкеледі сонда.
30Жау халықтарды сөгіп жуасытшы: Перғауын — қамыстағы хайуан сияқты, Ал бұзаудай күшсіз ұлттар арасындағы Бұқалар табынындай — оның әміршілері, Олар күмістен салық талап етеді. Соғысқұмар ұлттарды тарқатып жіберші!
31Мысырдан жіберілген мырзалар келеді, Құш елі де қол созып Құдайға көнеді.
32Жердегі патшалықтар, Құдайға ән салыңдар, Иемізді мадақтап ән-жыр айтыңдар,
33Дәріптеп ежелден аспанда жүрген Иемізді, Тыңда, зор даусымен Ол күркірейді.
35Құдай киелі үйінде үрей туғызады, Исраилдің Құдайы халқын нығайтады. Лайым Құдай мадақтала берсін!