Loading Bible Translation
First-time download in progress. This may take a few seconds…
Kazakh Holy Bible Wordproject Bible
36 verses
1Құтқара гөр, уа, Құдайым менің, «Тасыған су» жетті мойныма дейін,
2«Батпаққа» терең батып бара жатырмын, Аяқ басып тұрар жер таба алмаймын, Судың тереңіне батқан адамдаймын, Ағызып барады мені қатты ағын.
3Жалбарына айқайлап қалжырадым, Құрғап, кеуіп қалды менің тамағым, Құдайымды күтіп талды қос жанарым.
4Басымдағы шашымнан көп дұшпандарым, Себепсіз мені жек көреді жауларым, Сұмдықпен мені қудалап келеді, Алмаған нәрсемді талап етеді.
5Уа, Құдай, Саған аян ақымақ қылығым, Сенен таса емес жасаған күнәларым.
6Өзіңе сенімдерін артқан жандарды Маған бола ұятқа қалдырмашы, О, Әлемнің Иесі, Жаратушы, Саған бет бұрып дұға еткен жандарды Енді маған бола масқаралатпашы, Уа, Исраилдің сиынатын Құдайы!
7Сен үшін мазаққа төзіп келем, Масқарам көрініп тұр бет-жүзімнен.
8Туған бауырларым да мені танымайды, Шешемнің ұлдары маған жат деп қарайды.
9Киелі үйіңнің қамын жеп азапқа түсем, Сені қорлағандардың ғайбаты маған тиген.
10Ораза ұстап, жылаған уақытымда Олар мені келекелеп қорлауда.
11Қайғыланып азалы киім кигенімде Олар мені мазақтап келемеждеуде.
12Алаңда ақсақалдар мені өсектейді, Сыра ішкендер сықақтап әндетеді.
13Ал мен Саған, уа, Жаратқан, Өзіңнің мейірім Көрсететін кезіңде сиынып келем, Құлақ сала көрші маған, уа, Құдайым, Шынында құтқаршы зор рақымыңмен.
14«Батпақтан» мені тартып шығара көрші, «Тұңғиыққа» батуыма жол бермеші, Жек көретін дұшпандардан құтқаршы, «Терең сулардан» Мені тартып шығаршы.
15Жол берме тасқынның ағызып әкетуіне, Терең судың мені жұтып жіберуіне, Ажал шыңырауының жалмап қоюына.
16Уа, Жаратқан Ие, дұғама құлақ түрші, Берік мейірімің Сенің сондай игі, Мол рақымыңа сай маған көңіл бөлші.
17Мендей пендеңнен бетіңді жасырмашы, Қасірет шегудемін, тез жауап берші.
18Жақындап келіп, жанымды құтқаршы, Жауларыма бола босата көрші.
19Сен білесің қандай қорлық көргенімді, Ұятқа қалып, жапа шеккенімді, Көріп алдың бар дұшпандарымды.
20Мазақтары жүрегімді күйретіп, әлсізбін, Бекерге жұрттан аяныш күттім, Ешбір жұбатушыны кездестірмедім.
21Қайта, тамағыма олар өт қосып берді, Шөлдеп тұрғанымда сірке суын ішкізді.
22Мол дастарқандары жауларыма тор болсын, Бейқам ішкен астары тұзаққа айналсын,
23Көздері көре алмастай тұмандансын, Белдері ұдайы бейнеттен бүкшиіп қалсын,
24Оларға төге гөр өз қаһарыңды, Һәм қуып жетсін ашуыңның жалыны,
25Тұрған мекені қаңырап бос қалсын, Шатырларында тұратын ешкім болмасын!
26Өйткені Сен соққанды олар қуғындайды, Сен жаралағанды тағы мазақтайды.
27Мойындарына салшы бар қылмыстарын, Өзіңнің алдыңда ақтала алмасын.
28Өмір кітабынан өшірші есімдерін, Әділдер тізіміне олар тіркелмесін.
29Ал мен азап шегіп қиналудамын, Уа, Құдай, құтқаруың мені қолдасын,
30Сонда Құдайдың атын әнге қосамын, Шүкіршілік етіп мақтау айтамын.
31Көбірек ұнатады мұны Жаратқан Құрбандық мүйізді ірі қарадан.
32Соны көріп, мәз болады қаналғандар, Жігерленіңдер, Құдайға бет бұрғандар!
33Өйткені Жаратқан Ие мұқтажға құлақ түреді, Тұтқын пенделерін Ол менсінбей кетпейді.
34Мадақтаңдар Иемізді, аспан мен жер, Теңіз бен ондағы күллі жәндіктер,
35Себебі Құдай Сионды құтқарады, Яһуданың қалаларын қайта тұрғызады, Құдай халқы орнығып, елге ие болады.
36Пенделерінің ұрпағы елді иемденеді, Құдайдың есімін сүйгендер соны мекендейді.